Аймақтар • 23 Қыркүйек, 2017

Шымкентте  Африка елдерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр

520 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстан облысында «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіндегі Африка елдерінің көрме-жәрмеңкесі ашылды. Шымкент қаласының «Көрме» орталығында 10-шы қазанға дейін  өтетін шара екі ел арасындағы туризмді дамыту, инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашу, іскерлік қатынастарды жақсарту мақсатында облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Шымкентте  Африка елдерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр

Көрменің ашылу салтанатына қатысқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев Африка елі қонақтарына қош келдіңіздер дей отырып, олардың алып келген өнімдерін тамашалады.

«Халықаралық көрмеде қаншама елдер өз мәдениеттерін, ұлттық өзіндік ерекшеліктерін танытып өздерінің экономикалық және технологиялық даму деңгейлер мен жетістіктерін көрсетті. Бүгінгі күні Оңтүстік өңіріне сол көрменің бір бөлігін алып келіп отырған Африка еліне үлкен алғысымды білдіремін. Бүгінгі көрменің өту мақсаты, туризмді дамыту, мүмкіндіктерге жол ашу, бизнестік байланыстарды жетілдіру»,-деді әкім.

Көрмеде Африка құрлығынан келген бірнеше республика өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынып отыр. Олар 20-дан астам компаниялар мен Эфиопия, Кения,  Танзания, Гвинея, Гамбия, Судан және Йемен елдерінің  қолөнер шеберлері.  Африкалықтар жаңа технологиялармен қатар, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй де сыйлай білді.

Көрмедегі  Африка базарынан  қолөнер бұйымдарын сатып алу мүмкіндіктері бар. Олардың шай, кофе және қолтырауын, питон терісінен жасалған сөмкелері мен киім-кешектері үлкен сұранысқа ие.

Осы аралықта Африка елдерінен келген қонақтар өз салт-дәстүрлерін көрсетіп, таныстыратын болады. Сонымен қатар концерттік бағдарламалар және екі ел арасында қойылымдар ұсынылады.